ℹ️ ЖИ, жалған мәлімдемелер және цифрлық дүрбелең: өткен аптада әлемде қандай фейктер тарады? Дипфейктер мен ЖИ жасаған суреттер 📌 «Балабақша басқа діндерге құрмет білдіріп, шеруді тоқтатты». Германияда балабақшаның Әулие Мартин күніне арналған шеруді тоқтатқаны туралы «ресми хабарландыру» тарады. Бұл сурет платформалардың бірінде 130 мыңнан астам қаралым жинады. Алайда Correctiv ұйымы суреттің ЖИ көмегімен жасалғанын анықтады. 📌 «Криштиану Роналду құрметіне арналған дрондар шоуы». Футболшының құрметіне ұйымдастырылған ауқымды дрондар шоуы бейнеленген видео Facebook желісінде 5,6 млн-ға жуық қаралым жинады. La República басылымы Hive сервисі арқылы жүргізген тексеру нәтижесінде роликтің ЖИ көмегімен жасалғанын дәлелдеді. 📌 «Трампты есінен танып қалғаннан кейін Ақ үйден алып шығып жатыр». X және Facebook әлеуметтік желілерінде АҚШ президентін сайлау қорытындылары аясында есінен танып қалып, Ақ үйден алып шығып жатқан суреттер тарады. Бұл роликті Иранның Үндістандағы елшілігі де бөліскен. Full Fact ұйымы кадрдан OpenAI компаниясының SynthID сутаңбасын анықтады. Сурет 2026 жылдың мамырында жарияланған ЖИ жасаған видеосынан алынып, кейіннен өңделген. 📌 «Министр Лавров Үндістанды қорлады». Әлеуметтік желіде Сергей Лавровтың Үндістан Ресей мұнайын сатып алушы, ол Мәскеудің саясатына ықпал ете алмайды деп айтқаны бейнеленген видео тарады. Alt News басылымы 31 қазандағы брифингтің түпнұсқа жазбасын тапты. Онда министрдің бейнесі мен қимылдары таралған роликтегі кадрлармен сәйкес келгенімен, дыбысы ауыстырылған. Жалған видеоны танымал үндістандық адвокат Прашант Бхушан және басқа да қолданушылар таратқан. Жалған мәлімдемелер, құжаттар және скриншоттар 📌 «Трамп сайлаушыларды жау деп атады». АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін әлеуметтік желілерде Трамптың Truth Social платформасында сайлаушыларды қорлайтын жазба жариялағаны туралы скриншот тарады. Lead Stories басылымы мұндай жазбаны президенттің ресми аккаунтынан да, жарияланымдар мұрағатынан да таппады. Скриншот қолдан жасалған. 📌 «Украинская правда» басылымының электрондық тарату жүйесі бұзылып, теракт туралы жалған хабарлама таратылды. Басылым жазылушыларының бір бөлігіне Киевте теракт болғаны туралы сілтемесі бар электронды хат келген. Редакция хат тарату сервисіндегі аккаунтының бұзылғаны туралы хабарлап, оқырмандарды сілтемеге өтпеуге шақырды. Мұнда жалған ақпарат белгілі БАҚ-тың ресми арнасы арқылы таратылып, сенім ұялату тәсілі қолданылған. Ескі видеоларды жаңа оқиға ретінде көрсету 📌 «Демократтар Мельбурн көшелерінде жеңісті тойлап жатыр». Австралияның Мельбурн қаласында қуанышқа бөленген халық бейнеленген видео АҚШ-тағы сайлауда демократтардың жеңісін тойлау сәті ретінде көрсетілді. Lead Stories басылымы бейнежазбаның түпнұсқасын тапты. Кадрлар 2022 жылы Федерация алаңында түсірілген. Ол кезде жанкүйерлер футболдан әлем чемпионатында Австралия құрамасының жеңісін атап өткен. 📌 «Милей Трамптың жеңісіне орай отшашу ұйымдастырды». Аргентинада президент сарайының маңындағы отшашу бейнеленген видео қайта тарап, онда президент Хавьер Милей Трамптың жеңісін атап өтті деген ақпарат таратылды. Алайда кадрлар 2019 жылдың желтоқсанында Альберто Фернандестің президенттік қызметіне кірісу рәсімі кезінде түсірілген. Үрей тудыратын жалған хабарламалар 📌 «Испанияда банк картасымен жасалатын сауда 80 еуромен шектеледі». X әлеуметтік желісінде Испания үкіметі несие картасымен төлем жасауға 80 еуро көлемінде шектеу енгізді деген хабарлама тарады. Maldita басылымы BOE ресми мемлекеттік бюллетенін тексеріп, онда мұндай шешімнің жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар жарияланым авторы сілтеме жасаған үкімет отырысы көрсетілген күні өтпеген.