🇰🇿🇧🇪 Астанада екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы өтті 13 қазанда Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайымы Матильданың «Жасанды интеллект, жоғары білім және ғылыми зерттеулер: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығының перспективалары» тақырыбында Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы өтті. Іс-шараға екі елдің бейінді министрліктерінің өкілдері, Қазақстанның 18 және Бельгияның 11 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу ұйымының басшылары да қатысты. Форум академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект және жоғары білімді цифрлық трансформациялау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Форумды ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы мен Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайымы Матильданың қатысуы жоғары білім мен ғылымның екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудағы және ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастырудағы стратегиялық маңызын айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Бельгия университеттері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтып, нақты практикалық нәтижелерге бағытталған серіктестікті дамытудың маңыздылығына тоқталды. «Президенттің бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент білім алды. Ендігі міндет – университеттерде алған білімді білім беру үдерісінде, ғылыми зерттеулерде және технологиялық жобаларда іс жүзінде қолдануды қамтамасыз ету. Форум барысында Қазақстан мен Бельгия университеттерінің ректорлары жасанды интеллектіні білім мен ғылым салаларында қолдану перспективаларын талқылады. Қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызды нәтижелерінің бірі – математика, жасанды интеллект, модельдеу және инженерлік есептеулер салаларында Қазақстан мен Гент университетінің бірлескен Mirror Lab зертханасын дамыту. Зертхана Математика және математикалық модельдеу институты мен Alem.ai халықаралық орталығының базасында жұмыс істейді деп жоспарланған», - деп атап өтті министр Саясат Нұрбек. 🔗 Толығырақ: gov.kz