AI-Sana көрмесі: Қазақстанның 20 ЖОО студенттерінің ЖИ-жобалары таныстырылды AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында AI-Sana бағдарламасы жобаларының көрмесі өтті. Көрмеде Қазақстанның 20 жоғары оқу орны студенттері әзірлеген жасанды интеллект саласындағы үздік жобалар таныстырылды. Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, AI-Sana бағдарламасының маңызын атап өтті. Министр өз сөзінде AI-Sana бағдарламасының Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды цифрлық елге айналдыру және технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасай алатын жаңа буын қалыптастыру міндетін іске асырудағы рөліне тоқталды. «Біз үшін ең маңыздысы – жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін нақты дағдыға айналдыру. Бағдарлама аясында студенттер технологияны дайын күйінде пайдаланумен шектелмей, оның мүмкіндіктерін терең түсініп, практикалық міндеттерді шешуге және өз жобаларын әзірлеуге үйренеді. Бұл – елдің адами және зияткерлік капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция», - деді Саясат Нұрбек. Іс-шараға сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким, Alpha Intelligence Capital серіктесі әрі Mariton Partners компаниясының негізін қалаушы серіктесі Ни Ли, сондай-ақ Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қатысып, жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық жобаларды ілгерілету және инвестиция тарту бағыттары бойынша пікір алмасты. Бүгінде AI-Sana бағдарламасына 106 жоғары оқу орны қатысады. Оның алғашқы кезеңінде студенттер жасанды интеллект негіздері бойынша 700 мыңнан астам сертификат алса, екінші кезеңде 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлік бағытында білім алып жатыр. Бағдарлама аясында 515-тен астам жасанды интеллект шешімі әзірленіп, 22 мыңнан астам технологиялық жоспар жасалды. Жобаларды 1,5 мыңнан астам куратор сүйемелдейді. 🔗 Толығырақ: gov.kz