🇰🇿🧠 Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет – Qazaq AI Research University-ді ашты Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University (QAIRU) университетін ресми түрде ашты. Бұл – Орталық Азияда AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет. Халықаралық форумы барысында Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес. «Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет. Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі. Бұл – ақиқат», - деді Президент. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University-ді құру барысы мен университет қызметінің алғашқы нәтижелері туралы баяндады. «2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында берген тапсырмаңызға сәйкес Qazaq AI Research University құрылды. 29 сәуірде университет білім беру қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алды. 15 мамырда оған AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесі берілді. 18 мамырда университет Орталық Азияның білім беруді аккредиттеу қауымдастығында институционалдық аккредиттеуден өтті. 1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданды. Бүгінде университетте 528 студент білім алып жатыр, оның 294-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы толық жасақталды», - деді министр. 🔗 Толығырақ: gov.kz