✅ Алмасадам Сәтқалиев: Жас мамандар, инженерлер мен ғалымдар елдің заманауи атом саласын дамытуға өз үлестерін қосады Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Тең жағдайдағы ядролық диалог: жастардың атом саласына қадам басуы» атты Ұлттық жастар форумы өтті. Студенттермен ашық диалог барысында атом саласын дамытудың перспективалары, отандық кадрларды даярлау, жаңа кәсіби бағыттар, атом электр станцияларын салу, сондай-ақ қауіпсіздік пен экология мәселелері талқыланды. Алмасадам Сәтқалиев алдағы 10–15 жылда Қазақстанға АЭС-те жұмыс істейтін мамандар ғана емес, сонымен қатар заманауи ұлттық атом мектебін қалыптастыра алатын инженерлер, ғалымдар, оқытушылар мен басшылар қажет екенін атап өтті. «Біз қазақстандық жас маманды АЭС қызметкері ретінде ғана емес, елдің бүкіл атом саласын дамытуға атсалыса алатын кәсіби маман ретінде көргіміз келеді», – деді Агенттік Төрағасы. Бүгінде атом саласына мамандар даярлау отандық жетекші жоғары оқу орындарында энергетика, физика, инженерлік іс және тау-кен ісі бағыттары бойынша жүргізіледі. 2000 жылдан бері тиісті білім беру бағдарламалары бойынша шамамен 4,5 мың маман даярланды. Студенттердің практикалық даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институты студенттерге практикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Соңғы он жылда Ядролық физика институтының Астана филиалында ЕҰУ-дың 500-ден астам студенті тағылымдамадан өтті. Бүгінде университеттің 100-ден астам түлегі Ядролық физика институтының Астана филиалында, Агенттікте және басқа да бейінді ұйымдарда еңбек етеді. Агенттік Төрағасы жастарға арналған халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы да айтып берді. Студенттер Ядролық зерттеулер жөніндегі бірлескен институтпен бірлескен бағдарламаларға қатыса алады, Цинхуа университетіндегі TUNEM халықаралық магистрлік бағдарламасы бойынша білім ала алады, сондай-ақ Atomic Energy Scholarship стипендияларына үміткер бола алады. «Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласының қызметкерлеріне әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу және тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 20 стипендия бөлінеді. Кездесудің тағы бір тақырыбы атом энергетикасының дамуына байланысты сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтарға арналды. Жабдықтарды пайдалану және жөндеу, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандардан бөлек, салаға цифрлық технологиялар, робототехника, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және экологиялық мониторинг бағыттарындағы мамандар қажет болады. Кездесу барысында АЭС құрылысының өңірлердің дамуына ықпалы да талқыланды. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Үлкен ауылы маңындағы жобаларды тек энергетикалық нысандар ретінде ғана емес, аумақты кешенді дамытуға ықпал ететін фактор ретінде қарастыру қажет. Құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам маман қажет болады. Жобаларды іске асыру тұрғын үйге, көлікке, логистикаға, құрылыс материалдарына, қызметтер мен отандық бизнес өнімдеріне қосымша сұраныс қалыптастырады.