Құрылтай депутаттары Президент Жолдауындағы энергетиканы дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру жолдарын талқылады Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген энергетиканы дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру жолдары Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің жетекшісі Наталья Годунованың төрағалығымен өткен отырыста талқыланды. Кеңейтілген отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар, тиісті мемлекеттік органдар мен еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Дания Еспаева Жолдауда энергетика саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. Олардың қатарында 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру қуаттарының тұрақты профицитін қамтамасыз ету, Балқаш және Мойынқұм атом электр станцияларын салу жобаларын жеделдету, отандық мамандарды даярлау, технологиялар трансферті және басқа да міндеттер бар. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, 2029 жылдың соңына дейін 13,3 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл генерациялайтын қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Балқаш» АЭС алаңында құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отырғанын, ал «Мойынқұм» АЭС жобасы бойынша тиісті үкіметаралық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов Президент Жолдауында айқындалған энергетикалық басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Құрылтайдың қарауында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға, сондай-ақ баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған екі заң жобасы бар. Отырыс барысында энергетика секторындағы ірі компаниялардың басшылары да сөз сөйледі. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ және «KEGOC» АҚ өкілдері уран өнеркәсібі мен ядролық отын циклін дамыту, Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесін жетілдіру және басқа да мәселелер бойынша ақпарат берді. Талқылау барысында депутаттар энергетика саласын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Отырысты қорытындылаған Наталья Годунова басты міндет жоспарланған шаралардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Әрбір жоба бойынша нақты мерзімдер белгіленіп, қаржыландыру көздері айқындалып, дербес жауапкершілік жүктелуі қажет. Бұл ретте бақылау нысандардың нақты дайындығына, ықтимал кідірістерді уақытылы анықтауға және олардың себептерін жоюға негізделуге тиіс. t.me/quryltairesmi