Қазақстанда тұрмыс жағдайына қарай тағайындалатын он әлеуметтік жәрдемақының тізімі бекітілді. Бұл қадам мемлекеттік қолдауды шынайы мұқтаждарға бағыттауға жол ашады деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Ал үкімет бюджетті үнемдеуге көмектеседі деп отыр. Власть редакциясына ойын айтқан сарапшылар мұндай тәсілді шикі, әділетсіз әрі халықтың мемлекетке деген сеніміне сызат түсіретін бастама деп есептейді. Әлеуметтік теорияларды зерттеуші Ғалым Жүсіпбек мемлекет азаматтардың бұған дейін ие болып келген белгілі бір құқықтарын, соның ішінде жәрдемақы алу құқығын олай оңай аяқасты ете алмайды дейді: «Адам құқықтары философиясына сәйкес, бекітілген белгілі бір құқықтарды мемлекет ешбір негізсіз, оңай сызып, жоймауы керек. Адамдарда бар құқыққа қатысты регрессив шараларға жол бермеу принципі бар. Әсіресе бұл адам құқықтарына тікелей қатысты. Әлеуметтік төлемдер — адамның әлеуметтік құқығы».