Қазақстанда Аяна Нұрдинованың «Мұғалім» деген алғашқы толықметраж фильмі прокатқа шықты. Прокатқа шықпас бұрын фильм Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің конкурсына (New Directors секциясы) қатысты. Үлкен концерт залында өнер көрсетуді, атақты болуды, құрметке бөленуді армандайтын, бірақ балаларға нота үйретіп, мектептің іс-шараларына қатысуға мәжбүр болып жүрген шағын қаланың музыка мұғалімі туралы камералық, нақышты және нәзік картина. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осындай хикаяның артында өнердің табиғаты мен орындалмаған арман туралы пайым, өмірде жетістікке жету үшін шағын қаладан міндетті түрде кету керек пе деген ой жатыр. Киносыншы Ғалия Байжанованың рецензиясы. Режиссер өте нәзік интонация қолданады. Ол провинция өмірінен драма жасамайды, кейіпкерін менмендігі үшін мазаққа айналдырмайды және үлкен сахнаны армандаудың мәні жоқ екенін дәлелдеуге тырыспайды. Режиссер кейіпкерлеріне қаз-қалпында, сәл күлкілі, әсерлі және өзінше сүйкімді болып қалуға мүмкіндік беріп, сырттай бақылап тұрғандай.