Биылғы қыркүйек айында Астананың дизайн коды күшіне енді. Жаңа ереженің «жерсіну» мүмкіндігі қандай, бизнеске қалай әсер етеді және қаланы біртекті әрі қызықсыз етіп жібермей ме? Бұл материалда осы сұрақтарға жауап іздейміз. Енді негізгі үйлесім ашық, сарғыш, құм түстес, сұр және басқа да табиғи реңктерден тұрады. Сондай-ақ, қаланың ресми қарпі - Astana Type әзірленіп жатыр. Өтпелі кезең 2027 жылдың басына дейін болады. Дегенмен ғимараттарды жаңарту шығынын өтеу қарастырылмайды. Урбанист Әлихан Көшербаев қала саясатындағы сабақтастық мәселесіне назар аударады. «Егер маңдайшаларды азайту мен алабажақ түсті жоюға бағытталған мағыналық жүктеме түсінікті әрі 2020 жылдардың басынан бері келе жатқан болса, бизнеске келесі жылы немесе келесі әкім тұсында маңдайшасын алып тастамайтынын түсіну маңызды. Бұл ережелерді келесі әкім оңай өзгерте салуы мүмкін, мәселе сонда»».