Бюро ресми статистиканың талдау мүмкіндігін күшейтеді Статистика тек болған жағдайды көрсетіп қана қоймай, оның себебін түсіндіріп, дұрыс шешім қабылдауға жол көрсетуі керек. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев «Ұлттық статистикалық жүйелерді дамыту: халықаралық стандарттар мен технологиялық сын-қатерлер» панельдік сессиясы аясында айтты. Бүгінде Бюро статистика жасауда жаңа дереккөздерді кеңінен пайдалана бастады. Мәселен, фискалдық деректер операторлары ұсынатын мәліметтер инфляцияны есептеу кезінде қолданылса, мобильді байланыс деректері туризм мен көші-қон қозғалысын талдауға мүмкіндік беріп отыр. «Мұндай тәсілдер алғашында эксперименттік статистика ретінде енгізілуі мүмкін. Егер жаңа дереккөз өзінің сапалы әрі тұрақты екенін, сондай-ақ іс жүзінде пайдалы екенін көрсетсе, оны біртіндеп ресми статистика жүйесіне енгізу қажет», – деді Мақсат Тұрлыбаев. Оның айтуынша, ендігі міндет – статистиканы жай ғана көрсеткіштер жиынтығы емес, өзгерістің мәнін ашатын құралға айналдыру.