Қазақстанда «Росатомның» қолдауымен Ғылым фестивалі өтті 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Астана, Алматы және Өскемен қалаларының 1200-ден астам оқушысы мен студенті атом технологияларымен және олардың ғарышта қолданылуымен, радиациялық қауіпсіздікпен, энергетикалық жобалардың экологиясымен танысты. Фестивальді «Энергия будущего» автономды коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырды. Астанада аэроғарыш инженері, ғарышкерлерді даярлау бағдарламасының қатысушысы Никита Матасов ядролық қозғалтқыштар туралы айтып берді. Атом технологиялары жөніндегі ақпараттық орталықтың басшысы Сеит Алиев Қазақстандағы атом энергетикасының болашағы туралы әңгімеледі. «Ледокол знаний» байқауының жеңімпазы Анна Рагозина атомдық мұзжарғышпен Солтүстік полюске барған сапарынан алған әсерімен бөлісті. Өскеменде радиациялық қауіпсіздік туралы дәрістер өтті, Алматыда «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің ғалымдары сөз сөйледі. Бағдарламада ғылыми шоу, градирня моделін жасау бойынша шеберлік сыныбы және «Земля, я с тобой» фильмінің көрсетілімі болды. Қатысушылар арасында «МИФИ» ҰЗЯУ Алматы филиалының бірінші курс студенті Алиса Саенко болды. Ол оқу барысында-ақ Ядролық физика институтынан жұмысқа шақыру алды. «Атом электр станциясын салуға кіріскен Қазақстанға уәжді әрі білікті кадрлар қажет, фестивальге қатысушылардың көбі атом саласына қызығушылық танытады деп ойлаймын», – деді ол.