Шымкентте Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға Президент атынан мемлекеттік наградалар табыстады. Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында Қазақстанның ұлттық мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты. Қала әкімі көпшілікті Республика күнімен құттықтап, кәсіби қызметінде ерекшеленген, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табыстады. Мегаполис басшысы мерекенің тарихи маңызына тоқталып өтті. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды кезең болып, еліміздің Тәуелсіздікке қарай жасаған қадамдарына жол ашты.