Шымкентте Республика күніне орай өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары аясында бірқатар тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік ұсынылуда. 2026 жылғы 17 қазанда басталған науқандар 27 қазанға дейін жалғасады. Акциялар аясында сатып алушыларға түрлі тауарлар төмендетілген бағамен ұсынылуда. Жалпыреспубликалық науқанды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Акциялардың басты мақсаты – тауарлардың халыққа қолжетімділігін арттыру, тұтынушылық сұранысты қолдау және отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту. «Фиркан City» және «Mega Planet» сауда орталықтарында келушілерге арнап музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Сауда галереяларында домбыра мен баянның үні шырқалып, ұлттық әуендер әуеледі. Қазақтың халық әндерімен қатар, отандық орындаушылардың танымал шығармалары орындалды. Музыкалық бағдарлама көрермендерге ұлттық мұраның маңызын тағы бір мәрте сезіндірді.