Шымкент қағазы шетел нарығына жол тартты Қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, одан жаңа өнім өндіру – ресурсты үнемдеудің ғана емес, өңдеу өнеркәсібін дамытудың да тиімді жолы. Шымкенттегі Shymkent Qagazy ЖШС осы бағытта жұмыс істеп, макулатурадан қағаз бен картон, одан әрі дайын қораптар шығаратын өндірісті жолға қойған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға жеткізіледі. Кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыруға биыл 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Қаражат өндірісті кеңейтуге және гофрленген картоннан бұйымдар шығаратын жаңа цехты іске қосуға бағытталған. Бұл өндіріс құрылымын өзгертіп, қағаз бен картон дайындаумен шектелмей, олардан дайын қораптар өндіруге мүмкіндік берді. Айта кету керек, Shymkent Qagazy кәсіпорны 2021 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген.