Қызметтерді цифрландырудан технологиялар экспортына: жеті жылда цифрлық Қазақстан қалай өзгерді? Жеті жыл ішінде Қазақстан базалық цифрлық қызметтерді дамытудан өз IT және ғарыштық технологияларын экспорттауға дейінгі жолдан өтті. 2019–2026 жылдары еліміз электрондық үкімет саласындағы позициясын айтарлықтай нығайтты. БҰҰ рейтингінде Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 39-орыннан 24-орынға көтерілді. Цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 80%-дан 91%-ға дейін өссе, бүгінде цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді. Технологиялық экспорттың өсуі де айқын байқалады. IT-экспорт көлемі 38 есеге артып, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға жетті. Оның 633 млн доллары Astana Hub үлесіне тиесілі. Сонымен қатар жаңа экспорттық бағыт қалыптасты. 2019 жылы іс жүзінде болмаған ғарыштық технологиялар экспорты 2026 жылға қарай 70 млн долларға жетті. Осы кезеңде цифрлық инфрақұрылым да кеңейді. Халықты интернетпен қамту деңгейі 84%-дан 98%-ға дейін өсті, ал интернеттің орташа жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін артты. Елде бесінші буын байланысы, яғни 5G желісін енгізу жалғасуда. Жылдам әрі қолжетімді интернет бүгінде күнделікті қызметтермен қатар, бизнес, білім беру, финтех және жаңа технологиялық жобаларды дамытуға негіз болып отыр. Цифрландыру қазақстандықтардың қаржылық әдеттеріне де әсер етті. Жеті жылда қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 14 есеге артып, 13,3 трлн теңгеден 186,3 трлн теңгеге дейін өсті. Осылайша, цифрлық трансформация электрондық мемлекеттік қызметтер шеңберінен шығып, экономиканың жаңа бағыттарын қамтып келеді. Келесі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі – отандық технологиялық индустрияны дамыту, IT-экспортты ұлғайту және қазақстандық цифрлық шешімдерді сыртқы нарықтарға шығару.